Ұлттың үнжариясының үнін өшіру кімге керек болды?

0
3 232 рет оқылды

Қазақ радиосының журналистері атынан белгілі радиожурналист Жанар Оразымбеттің «Facebook» парақшасында радионың директоры Мақат Садық мырзаға арналған жазба пайда болды.
«Қазақ радиосының бас директоры Мақат Садық сіздердің газеттеріңіздің сайтына жариялаған сұхбатында Алматыдағы 30 адамды тек бір-ақ сағат тікелей эфирде жүргізілетін хабар үшін ғана ұстап отырмыз деген мағынада айтыпты. Директор мырза, таспамен жасалынып, журналистен қажырлық пен үлкен еңбекті талап ететін хабарлар мен «Шалқардағы» үлес салмағымыз жайлы жақ ашпаған.»,-деп бастаған журналист өз базбасын.

Жанар фб

« Ал, «Қазақ радиосы» мен «Шалқардағы» екі сағаттық тікелей эфирді қоспағанда таспамен дайындалып, «Алтын қордан» сұрыпталып берілетін хабарлар жайында мүлде бейхабар жандай еш ақпар бермепті. Алматы студиясынан күніге «Қазақ радиосының» эфирі арқылы бір сағат, «Шалқар» радиосынан бір сағат тікелей эфир жүргізіледі. Оның сыртында 57 таспа хабар дайындалады. Оған қоса тек «Шалқар» радиосы үшін ғана «Алтын қордан» апта сайын 5 хабар, айына 20 хабар дайындап береміз. Ең өкініштісі, бас директор Алматы студиясы жайлы жалған ақпарат беріп отыр. Осы сөзі арқылы бүкіл корпорация басшылығын өтірікші кейіпте көрсеткенін түйсініп отыр ма екен?!»

Жанар фб-2

«Бас директор түлкі бұлаңға салып, қысқарту туралы сөз болған жоқ деп ақталыпты. ( «Қазақ радиосының» Алматы филиалында ешкім қысқармайды. Ондай мәселе айтылған емес. Директордың өз сөзі) Ал, бас директор осыдан бір ай бұрын, нақты айтсақ 27 сәуірде, Алматы студиясындағы 6 қызметкердің қысқартуға кететінін айтып, кадр бөлімі арқылы олардың тізімін жіберген. Ол жайында 28 сәуір күні әлеуметтік желіге жариялаған болатынбыз. Бірақ оны корпорация басшылығы алдырып тастаған еді.»

Макат садык

Қазақ радиосының директоры

9 мамыр қарсаңында ол тізім тіпті көбейіп, Алматыда үлкен қысқарту болатынын тағы да қадап айтты. 16 мамыр күні Алматы студиясының ұжымы бас директорға телефон арқылы хабарласып, осы жайларды өз аузымен түсіндіріп беруін өтінген еді. Бірақ, біздің бас директор жағдайды өз аузымен айтып түсіндіруден бас тартты.
Біздің аяқ астынан министр мырзаға хат жазып, мәселе көтеруімізге не себеп болды? 19 мамыр күні Қазақстан Телерадиокорпорациясы басқарма төрағасының бірінші орынбасары Ләззат Олжабайқызы Жүнісова келіп, ұжыммен жиналыс өткізіп, қаржы үнемдеу мақсатында қысқартудың болатынын, тіпті Қазақ радиосы Алматы студиясы жабылып, тек қана екі үш адаммен корпункт қана қалуы мүмкін екендігін жеткізді. «Жұмыс істегілерің келсе, Астанаға келіңдер» деп шарт қоюды да ұмытпады. «Ол жерге барғанда әлеуметтік мәселемізді шешесіздер ме?» деген сауалға «Ол өздеріңіздің проблеммаларыңыз» – деп кесіп айтты. (2012 жылы Астанаға қоныс аударған әріптестеріміз әлі күнге баспанасыз көшіп-қонып, қаңғып жүргені басшылардың қабырғасына қайдан батсын?) Бұл онсыз да әрі-сәрі күйде жүрген қызметкерлердің шыдамын шегіне жеткізген еді. Осының бәрін жоққа шығарып, Мақат мырза қысқарту жайлы мүлде әңгіме болған жоқ деп дүйім елді алдаусыратып отыр.
Мәселе оншақты журналистің жұмыссыз қалуында емес, 3 миллионға жуық халқы бар, Оңтүстік астана атанған, әдебиет пен мәдениеттің ордасы саналатын Алматыдағы бөлімнің жабылуы, бүкіл Қазақстанда теңдессіз саналатын «Алтын қордың» талан-таражға түсуі, кешегі арыстарымыз бен аруақты тұлғаларымыздың сирек кездесетін дауыстарына тықыр таянғаны, қасиетті қара шаңырақ атанған киелі орданың жалға беріліп, сатылуы еді.
Біз кетсек те, басқалар келіп жұмыс істей берер. Бірақ ол үшін де қазақтың киелі қара шаңырақтарының бірі «Қазақ радиосының» Алматыдағы ғимараты өз қалпында сақталынып қалуы керек. «Бас жарылса бөрік ішінде, қол сынса жең ішінде», біз радио ішіндегі кемшіліктерді теріп, қаралап отырған жоқпыз. Ол құзырлы басшылардың еркінде. Әңгіме қарашаңырақ қазақ радиосының жайы, қысқартылатын журналистердің тағдыры. Алды қырық жылға тақау осы шаңырақта еңбек етіп келе жатқан журналистердің кәсіби біліктілігіне дау айта алмасаңыз керек. Қазіргі қазақ радиосының толқынындағы ұлттық реңдегі сүйекті хабарлардың көбін дайындап жүрген де ос журналистер.
Мақат мырза! Осы көтерілген мәселелер біздің жеке басымыздың жайы емес. Бұл ұлт, ел. қазақ руханияты, Қазақ радиосының бүгіні мен ертеңі толғандыратын әрбір азаматқа қатысты мәселе. Дәл осы мәселе біздің емес, радионы басқарып отырған сіздің көтеретін мәселеңіз еді. Оны қолдап, жанашырлық танытудың орнына түлкі бұлаңға салып, «жауырды жапқызғыңыз» келеді. Сізді түсінбейтініміз кімнің жыртысын жыртып, қандай елдің сөзін сөйлеп отырсыз? Бұндай пікірдің артында кімдер тұр? Қазақ радиосы, қазақ елі үшін қауіптісі де осы.»

Мәтін соңына парақша авторы: «Қазақ радиосы, Алматы студиясының журналистері» деген жазба қалдырған.

«Алауинформ»