Велосипед мінген жігіт талай бойжеткенді жылатыпты

0
1 300 рет оқылды

Күдіктіні іздеп, ұстаумен айналысқан жедел уәкілдер оны сырттай «велосипедтегі ұры» деп атап кеткен. Ізкесушілердің айтуынша, ол өзіне лайықты тойтарыс бере алмайтын жасөспірімдер мен бойжеткендерді  тонаған.  Бұл туралы «Алауинформ» Алматы қаласының ІІД Баспасөз-қызметіне сілтеме жасай отырып хабарлайды.

«Жедел-іздестіру шаралары барысында 1990 жылы туылған, Грузияда туып-өскен, ҚР азаматтығы жоқ жас жігіт ұсталды. Ол сабырмен әрекеттенген: қолында телефоны бар қыздар мен жігіттерді аңдыған. Қазіргі жастардың музыка тыңдайтыны белгілі. Соған байланысты олардың сергектігі бәсеңдейді. Тонаушы оларға велосипедпен жақындап келіп, телефонын жұлып алып, тұрғын үйлердің ауласына жүйткитін болған. Бір ерекшелігі, ол ұдайы қара түсті киім киген. Қазір күдікті осындай 5 оқиға үшін айғақ берді. Оған ҚР ҚК-нің 191-бабының 2-бөлігі бойынша – ұрлық айыбы тағылуда. Қазір Н. есімді азамат уақытша тергеу абақтысында. Сотқа дейінгі тергеу ауқымында азаматтарға мынаны хабарлаймыз: егер осы адамның қылмыстық әрекетінен зардап шексеңіздер, бізге мына телефондар арқылы хабарласуларыңызға болады: 98-54-08; 98-54-02 немесе 102»,- деп хабарлайды Түрксіб аудандық ІІБ криминалдық полиция бөлімінің бастығы полиция майоры Нұрлан Нұрқасымов.

 Гүлнар Жаманқұлова

«Алауинформ»