Алаш арыстарының бауырмалдығы бүгінгі қазаққа үлгі болуға тиіс

0
6 772 рет оқылды

1934 жылы елағасы, сонымен қатар, Е.Пешкованың күш-жігерімен А.Байтұрсынұлын Архангельскідегі лагерден шығарып алды. Интернеттегі википедия мәліметіне қарағанда, Францияда эмиграцияда жүрген Мұстафа Шоқай сол маңайға аялдаған Францияның сауда кемесімен М.Дулатұлын Соловкиден қашырмақ болған көрінеді. Бірақ бала-шағасының кейінгі тағдырын ойлаған Мадияр қашудан бас тартыпты. Бұл қиялдан шыға қойған мәліметке ұқсамайды. Патша заманында астыртын әрекет етуден (конспиративная деятельность) мол тәжірибе алған Алаш көсемінің оған да қатысуы болуы мүмкіндігін теріске шығаруға асықпайық. Өйткені, өзінің саяси шәкіртінің бірі – М.Шоқаймен шекара асқан сәттен бері астыртын байланысын үзбеген Ә.Бөкейхан болатын. Елағасы азап лагерлеріне айдалған үзеңгілестерінен де хабар үзбеді. Міржақып інісіне жолдаған хатын 1934 жылдың 26 қыркүйегінде, яғни Жақаңның зайыбы Ғайнижамал мен қызы Гүлнар өзінің бір бөлмелі пәтеріне түнеп, оларды елге қарай жолға шығарып салысымен жазған. Бұл жалғыз да соңғы хат емес, күні бүгінге жеткені ғана. Қалай болғанда да, Алаш көсемі Мадиярды босатып үлгермеді: ол 1935 жылдың 5 қазанында Сосновецк лагерінің Орталық лазаретінде көз жұмып, бейбіт күнде опат болған Алаш қайраткерлерінің алды болды. Соңы емес-ті.

Сол жылы лагерден шыққан тағы бір үзеңгілесі Жанша Досмұхамедұлы, туған бажасы Т.Рысқұлұлының қолпаштауымен Мәскеуде пәтер тауып, тәуір жұмысқа да орналасады. Оның 1938 жылдың 2, 4, 7 шілдесінде НКВД жендеттеріне берген жауабына қарағанда, 1935-1937 жылдары Қыр баласымен «2-3 айда, кейде жарты жылда бір рет не оның, не өзінің пәтерінде бас қосып, әңгіме-дүкен құрады екен; «Бөкейханов… әңгіме айтуға шебер, әзілқой, сықақшы» дегенді қосады.61

Ж.Досмұхамедұлының айтуынша, 1935-1937 жылдары Мәскеуде Х.Досмұхамедұлы, М.Есболұлы, Ә.Мұңайтпасұлы, М.Бұралқыұлы, М.Мырзаұлы (Мурзин) сынды Алашорда үкіметіндегі бұрынғы үзеңгілестері тұрған, сондай-ақ Санжар Аспандиярұлы, өзімен бірге І-Мемлекеттік думаға депутат болған А.Қалмеңұлы, С.Ақайұлы және т.б. Мәскеуге келіп-кетіп тұрған. Олардың ең алдымен елағасымен амандасып көрісуге асыққаны – айтпаса да түсінікті-ау деймін.

Ә.Бөкейханның «мәскеу кезеңінен» бүгінге аман жеткен тағы 2 хат бар. Бірі В.Бонч-Бруевичтің 1934 жылы 27 ақпанда Алаш көсеміне жолдаған хаты. Ол кезде Бонч-Бруевич  «дүние жүзі еңбеккерлерінің көсемі» В.Лениннің жақын сыбайласы, көркем әдебиет, сын және публицистиканың Орталық мұражайының директоры болатын. Хаттың мәтініне тоқталмаймын, оны суреттен оқуға болады. Ал екіншісі – 1934 жылдың 17 қазанында Ә.Бөкейханның ГУЛАГ-тан Алматыға оралған А.Байтұрсынұлы мен Е.Омарұлына жазған хаты. Хатты белгілі түрколог ғалым Алтай Аманжолов әкесі Сәрсен Аманжоловтың жеке қорынан кездейсоқ табады. Бұл хаттың мәтінінен автордың ғылыми ізденістерін, оның ішінде, сонау 1913 жылы «Қазақ» газетіндегі «Қазақтың тарихы» мақалаларында бірген уәдесін ұмытпай, қолы саясаттан босаған кезде Алты Алашы мен елінің тарихын жазуға тиянақты кіріскенге ұқсайды. Алайда ұлт көсемінің 1930-жылдары жазған еңбектерінің қолжазбалары сақталмады. Олар 1937 жылдың шілдесінде тұтқындалып, пәтерін астан-кестеңін шығарып тінтудің нәтижесінде хаттары, фотосуреттері және т.б. дүние-мүлкімен бірге тәркіленсе керек. Алайда, 1991 жылдың тамыз айында (1991 жылдың 19-21 тамызындағы белгілі «ГКЧП» деген бүліктің ізінше) осы жолдардың авторы Мәскеуде СССР КГБ-сына Ә.Бөкейханның ісінен кезінде тәркіленген қолжазба, хаттар және т.б. дүние-мүлкін сұрап жазған өтінішіне – сол жылдың қыркүйегінде берген жауабында мынадай бір-ақ жол болды: «Бөкейхановтың тұтқындағанда тәркіленген жеке хаттары жоғалған». «Жеке хаттары» деп қолжазбаларын да айтып отырғаны сөзсіз. Алайда қылмысының «айғағы» ретінде іске тігілген құжат-қағаздардың жайдан-жай «жоғалуы» жалпы мүмкін бе?

Әйтсе де «жоғалудың» бар құпиясын мына бір жайттан анық байқауға болады. Смахан төре естелігінде былай жазды: 23-інші жылы Әлекең Тобықты келіп, қасына Медеу баласы Біләл, күйеуі, қызы, Құлке баласы, Өміртай баласы, 10 кісі ерітіп елге келген. Жиен қызы үлкен әкесі Дайырға патша берген алтын стақанды, көп нәрсе алып (!), Әлекең үш інісінен үш құлынды бие алып… балалар қайтқан»).

Смахан төре тізіп отырған «алтын стақан» мен «көп нәрсе» де тінтудің ізімен «жоғалады». Мұны жалпақ тілмен, әдеби тілмен айтсаң да «ұрлық», «қарақшылық тонау» дейді. Жарайды, таза алтыннан құйылса да ыдыстың аты ыдыс қой –  өлі зат. Ал ұлт көсемінің орны толмас қолжазба-хаттарына құн жете ме?

Дереккөз : «Әлихан Бөкейхан» кітабының 9-томы

«Алауинформ»