Жедел уәкілдер бұрын қылмыстық жауапкершілікке тартылған екі ер адамды Тимирязев көшесінде орналасқан қоғамдық көлік аялдамасында құрықтады. Ұсталардың алдында ғана олар автобустардың бірінің жолаушысының ұялы телефонын қолды еткен.

«Айта кетейін, бұл мезетте өз затының ұрланғанын аңғарып та үлгермеген жас жігіт ол туралы полицейлер айтқанда ғана білді. Бұл кезде ұсталғандар өздерінің ұрлық жасағанын бірден мойындап, өздерінің алғаш рет заң бұзып тұрғандарын айтып ақталмақшы болды. Ақиқатында, жағдай тіпті басқаша еді. Олардың үлкендеуі бұрын бөтеннің мүлкін ұрлағаны үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылған. Қазір ер адамдардың екеуі де Алматыға жұмыс іздеп, адал ниетте келгендерін айтып отыр. Күдіктілердің нақты келу мақсаты алғашқы жүргізілген жедел-тергеу әрекеттерінен кейін жуық арада анықталатын болады»,  – деп мәлімдеді Алматы қаласының ІІД Криминалдық полиция басқармасының бастығы полиция подполковнигі Жанболат Зиадин. Еске сала кетейік, жыл басынан бері Алматы полициясының құрамында жедел қызметкерлер арасынан қаладағы қоғамдық көліктерде азаматтық киім киіп, автобустағы ұрыларды ұстау үшін арнайы мобильді топтар құрылған болатын. Олардың күшімен 100-ге жуық «қалтақағарлардың» қылмыстық әрекеттерінің жолы кесілді.

 Гүлнар ЖАМАНҚҰЛОВА,

Алматы қаласының ІІД Баспасөз қызметі

«Алауинформ»