Мен өзімнің өлім жазасына кесілгенімді осыдан 21 жыл бұрын білгенмін. Тұп-тура жиырма бір жыл өтті… Миымды мең-зең еткен арпалыс- күрестермен өмір сүріп келемін… Мен жеңілген жоқпын! Рас, жеңімпаз да емеспін!  Сенесіз бе? Ішімді Ұту оттарындай қарып, күйдіріп, он екі мүшемді шатырлатып-күтірлетіп үгітіп, ұнтақтап келген тылсым күш – өмірге деген ғашықтық. Мынау қабыршығы ғасырлар бойы қалыңдаған тау шыңындай асқақ ғаламды, қауырсыны қылыштай қайырылған тірлішікті, ондағы әсемдікті әм сұлулықты, Шекспирден Байронға дейінгі бір ғасыр ақындарын өзінің іңкәрлігімен еліткен, жіпсіз матап, қылшықсыз иірген мына ұжмақтан бір сәтке де алыстап кеткім келмейді. Мен Тәңірдің бұйрығымен өлім жазасына кесілген асылы ғашықпын.

«Сіздер уақыт өтіп жатыр дейсіздер. Сіздер ақымақсыздар – уақыт тапжылмай тұрған орнында тұр. Ал сіздер асығыс-үсігіс бір жаққа аттанып жатырсыздар»,-дейді өзінің өлім жазасына кесілгенін бүгін естіген Ермек.

Ермек ешқандай да философ емес. Әділеттілік үшін айқаста арқасын алдырған. Өзі өліп-өшіп сүйетін өмірді жек көргені үшін темір торға тоғытылған. Өз аяқтарымен кірген құрсаудан өзге аяқтар алып шығады оны. Өзі секілді әділет сарбаздарының аяқтары емес. Басқарушының бұйрығын бұлжытпайтын, өзінің ойлауға арналған ми тамырлары кесілген, құлдардың аяқтары…

Нургелд3

Қабырғалары жалпақ тастармен өріліп, ені екі бестік құлаш, сұрқы сұрлауыт, кабинеттері колония камераларындай көрген кісінің зәре-құтын қашыратын тас үй. Үй деймін-ау, бұл – мектеп.

Сөлпиген қырық бесінші размерлі кастюмнің ішінде, жемсауы жемге жарымаған жылқыдай,  бет сүйектері шығыңқы, қалың қасты, гүрізін мұрынды мұғалім «екі қосу екі тең болады – бес» деген есепті тарсылдатып тақтаға жазып қойған. Оқушылар тізген тастай тырп етпестен мөлейіп отыр. Оларда не кінә? Ештеңені түсінбейді. Бар болғаны екінші жыл мектеп пен мұғалім дегенді көрулері.

Сынып ішінде шыбын ызыңы естілмейді.

Мұғәлім әлгі қисынсыз есепті қайталаған үстіне қайталап, жап-жас саналардың саңылауына дейін жеткізуге тырысып әлек.

-Екі қосылған екі тең болады – бес. Кәні қайталаңдар.

-Екі қосылған екі тең болады – бес,-деді оқушылар жамырай…

-Қайталаймыз, екі қосылған екі тең – бес. Егер екіге екіні қоссақ қанша болады екен?

-Бес. – Біразға дейін сынып іші арифметиканың ақыл парралельдеріне қайшы осы бір қисапты қайталаумен болды…

 

-Айыпталушы орныңыздан тұрыңыз!,-деді сот мырза мырзакүнемдікке салынып. «Сізге тағылған айыптаулармен таныссыз ғой, сот үкімі түсінікті ме?»

-Тансыпын.

Ермек өзіне әлдекімнің  «өлесің» деп бұйрық соғуына қылымдай өкініп тұрған жоқ секілді жауап қатты.

Дәл осы сәт Ермектің ойында өзінше бір ассоциация құрап тұрған.

«Егер басқарушы өз әйеліне «аужайын» көрсете алмаса, оның есесін бағынушыларынан алады». Бродский дегенің қалай дәл тауып айтқан шіркін. «Умный человек счастлив, лишь когда удостаивается собственной похвалы, дурак же довольствуется аплодисментами окружающих». Мен осыны түсіндірейін десем, мыналар тыңдағысы жоқ. Оған мен кінәлі емеспін ғой, бірақ… Ей, бүйтіп өмір сүргенше, өле салғаным артық қой. «Қайран сөзім қор болды, Тобықтының езіне» дегенді біздің Абай да айта салған ғой. Негізі қазақта Абайдан асқан айтқыш жоқ қой.

Сот мырза қолындағы балғасын былш етіп ұрмастан бұрын, күбілжи, кекештене өлтіру туралы үкімін оқып жатқанда Ермек осыларды ойлап тұрған-тын.

 

Сыныптың сүреңсіз парталарының соңғы жағында отырған бұйра шашты, қара торы келген оқушы қорқақтай жатып қолын көтерді.

-Мұғалім сұрағым бар.

-Не сұрақ?

-Сіздің жасыңыз қаншада?

– Оны не қылайын деп едің. Сабаққа қатысты сұрағың болмаса басқалардың көңілін бөлмей, хормен қайталаңдар тапсырманы…

-Менің жасым жетіде. Сізден қырық жыл кішімін. Бірақ, сіздің өтірік айтып тұрғаныңызды мен білемін…

Тақта жақтан қатулы қабақты, соғыста неміс көрген сәбет әскеріндей түнеріп, ызаға булыққан бұқадай атылайын деп тұрған Мұғалім, әуелде шіміркпестен: «Не өтірік ол»,- деді.

-Екіге екіні қосқанда төрт болады ғой.

-Сен не бәрінен ақылдысың ба? Кәні өзіңше жаңалық ашпай отыр орныңа. Қарашы-ей, тілазардың безектеуін…

-Жоқ ұстаз, екіге екіні қоссаңыз төрт болады.

Сыныптағы оқушылар қызыл жандарын шүберекке түйіп, зәре-құттары қашқан күйі партаға жабысқан беттерін көтермейді. Сыныптың соңғы жағында «төрт» үшін текетіресіп тұрған оқушы мен қолына укаска ұстап, өзінің айтқанына қарсы шығып тұрған оқушыны сабап тастауға құмарланып тұрған оқытушы ерегесі біразға созылды.

 

Әдемілік әлемінен әділет іздеген Ермектің білектеріне болат кісен салынды. Енді оны жазаны орындайтын қараңғы бөлмеге апара жатыр. Кім? Өзі сияқты ет пен сүйектен жаралған, екі қолды, екі аяқты тек миларына өзгеше бағдарлама енгізілген мақұлықтар.

Ермек оларға  қарап келе жатқан жоқ. Жиырма бес жыл бұрын дүниеге келген сәтінен бастап өзінің өлім жазасына кесілгенін ол білетін. Сондықтан болар, өліп барамын-ау деген өкініш жоқ. Тек Тәңірінің бұйрығын қайталап оқып берген Сот мырзаның оған қызғанышпен қарағаны ғана сәл ойландырады. Ол өзінің Сот мырзадан гөрі бақытты екенін сезінген.

«Халықтың белгілі бір бөлшегін ақымақ етуге болады. Белгілі бір уақыт қана. Бірақ бұл мәңгілік жалғасуы мүмкін емес қой». Ермек өзге арыптан келіп, адамдар әлемінен әділеттілік таппай, енді тағы бір басқа әлемге аттанып бара жатқандай.

 

«Мен келгенше тұрған орныңнан тапжылма»,-деді де асығыс-үсігіс сыртқа шығып кетті.

Мұғалімнің осы бір сәт жоқтығын пайдаланып, сынып ішіндегі оқушылар жапа тармағай жалғызды жеп қоярдай.

«Сен үшін қазір бәріміз таяқ жейміз», «Сенің кесірің бәрімізге тиеді ғой», «Оның айтқанын рас дей салмайсың ба» деген аянышты дауыстар жалғыздың құлағына кіріп те жатқан жоқ.

Сынып есігі тарс етті. Әлгі мұғалім жерден жеті қоян тапқандай, сыныпқа ентелей кіріп, соңғы партаның жиегіне сүйеніп тұрған жалғызға тұра ұмтылды. Ертеңгісін шешесі жуып берген әппақ жейденің жеңінен сүйрелеген күйі тақтаға жұлқып шықты. Құдды мемлекеттің құпиясын ашып қойған адамдай, кінәлі көздер мұғалімге телміріп тұр.

Сынып ішіне іріңдері роботтай, үш бірдей жоғарғы сынып оқушылары кірді. Оң қолдарына қып- қызыл етіп, шүберек байлап алған. Кеңес өкіметінің қызыл армиясы секілді жауар бұлттай төніп кірген үшеуіне қарап адам деп айтуға аузың бармайды.

-Кәне мына жерде бір гении бар екен. Ол өзін бәрінен ақылды деп есептейтінін айтады,-деді екі жерде екім бес болатынын дәлелдейтін айғақ тауып келген мұғалім.

Жаңағы қызыл жолақты үшеу осы мектепті қызыл аттестатқа аяқтайын деп отырған жоғарғы сынып оқушылары еді.

-Сендер айтыңдаршы, екіге екіні қосқанда неше болады?

«Бес болады ұстаз»,-деді синхронды дауыспен жаңағы үшеуі.

-Енді тақтаға жаз. Екіге екіні қосқанда неше болады? Бұл сенің соңғы мүмкіндігің. Сен қалай жазу керектігін білесің,-деп мүжіліп кеткен борды оқушыға ұсынды.

Жалғыз өзі «төрт» деп тән алмай тұрған оның жүрегінде қорқыныш басым. Ол есептің жауабын «бес» деп айта салғысы келіп-ақ, тұр. Бірақ, тілі әм санасы оған қарама-қайшы.

 

 

Тас қараңғы бөлменің жоғарғы ернеуінен сығалап сырттағы жарықтың сәулесі ғана түсіп тұр. Ермектің қолынан құрсау шешіліп, ғасырлар қиянатынің ізі бедерленген сол бір келте тұрқын кесектен құйылған қабырғаға теріс беттеді. Өзіне қаратылған бір түйір темір оның келесі әлемге сапарының кілті іспетті.

Ермектің мысқылдап тұрған жүзіне түнерген мылтық ұңғымасынан порхтың исі шығады. Бөлме іші қан сасиды.

Егер сенің өмірің раушан гүлдерімен көмкерілмеген болса, мұнша тікендер қайдан пайда болды?

 

«Бес деп жаза салсам ба екен?»,-деген ой жалғыздың жанын жеп барады. Тақтадағы өтірікке бір қарап, артындағы үшеуіне бір қарап екі ойлы болып тұрған оған әлгі «отличник» үшеуі мылтық кезенгендей болды. Құдды қару ұстап тұрғандай қимылмен жалғызға түнеріп тұр. Қолдары да адамға көрінбейтін шүріппені басуға дайын.

-Жоқ. Бұл есептің жауабы төрт болады,-деді де тақтаға осыны жазды.

Әлгі үшеуі ешкімге көрінбейтін идеоголгия деген мылтықтың шүріппесін бірдей басты.

Жалғыздың денесіндегі қан тақтаға шашыраған. Жаңа ғана өзі жазған төрт санын өзінің қаны жуып, төмен сырғиды.

 

Ермек жаңадан бері табанынан сыз өткізіп тұрған бетонды еденге ет бетінен  гүрс құлады.

Нұргелді Әбдіғаниұлы