Ең адал деген құрбыңның ойда жоқта қызғанышқа бой алдырғанын байқайтын оқиғалар соңғы кезде жиі кездесетін жағдайға айналды. Оған сүйіктіңмен кездесу қалай өткенін айтып берсең, тыжырынып жақтырмай, әйтпесе басқа құрбыңмен барған концерт туралы айтсаң, мүлде томсырайып қалады. Неге? Оны сенің жаңалықтарың еш қуантпайды. Бір қызғаныш бой көтереді. Соның кесірінен жақсы досың бөтендік жасайды. Саған, сенің ортаңа, қалауыңа, ырқыңа билік еткісі келіп тұрады. Ең жақының болған адамның аяқ- астынан бөлектенуінің сыры неде? Сен өзге құрбыларың туралы айтқанда ашуын баса алмай, өшпенділігін сездіріп алады. Арадағы достыққа бұлт үйірілді. Дер кезінде көңіл бөлмей, ашық сөйлеспеген соң, осылай қызғаныш дық түсіретін, дақ салатын одақтар сырлас достарды бет көріспес дұшпанға да айналдырып жатыр.

321

Мүмкін сен қуаныштарыңды оған жеткізген сәтте оның өмірінде қиындықтар туындап, өмірге деген құлшынысы болмай тұрған шығар. Осындай да себеп болуы мүмкін. Ол сені қатты жақсы көріп тұрса да, өзгемен қыдырып жүргеніңді көре алмауы ықтимал. Өтіріктен өтірік жақсы болған екен дей алмады. Ал, сен еш кілтипансыз өз бақытың туралы жырлай бересің. Оның жынына тиесің. Оған қолдау, көмек керегін байқамай өткізіп аласың. Содан ол суынады.

Құрбының қызғанышын ушықтырмай ауыздықтау үшін екеуара уақыт тауып сөйлесіп, мұндай қызғаныштың туындауының себебін бірлесіп іздеп көрген дұрыс. Құрбыңды жау көрме. Тек одан бөлек те өмір бар екенін айтып жеткізуге тырыс. Оның да өзіне, басқа құрбыларына, жігітіне арнайтын уақыты болуы қалыпты екенін жеріне жеткізіп айту керек. Егер ол өзін артық сезіне бастаса, бәлкім бұл достықтың шегіне жеткендігі болар. Ұрыспай суынып кетудің амалын тапқан жөн.

Юлия Щепина

курбы

ӨМІРДЕН БІР МЫСАЛ
Женяның сауалы  (2011-05-12 23:26:58)

Жасым 14-те. Жан досым бар. Жазда ол лагерьге барып, ол жерден көп дос тауып келіпті. Бір қызбен менен артық араласа бастады. Мен қызғанып жүрмін. Мен құрбыммен достасуға үш жылымды жұмсаған едім, ана қыз бір айда дос болып алды. Қатты қызғанамын. Не істесем екен?

Психологтардың жауаптары:

Шендерова Елена:

Өзге адамның сезімін қадағалай алмайсыз. Қазір құрбыңыздың сізден басқа адамдармен араласқанына өкпелеп жүрсіз. Неге? Осы туралы ойлану керек. Неге сонша құрбыңыздың болмысына сіңісіп кеткенсіз? Онсыз өмір сүре алмастай неге қатты жақындастыңыз? Онымен дос болудан өзіңізді іздеген шығарсыз? Өзіңізді қабылдау сол қызбен дос болудан басталған болар? Достың болмысына сіңісіп кету – одан өзіңізді іздеуіңізді білдіреді. Жалғыздықтан қорқасыз. Бұл өзіңізді жақсы көре алмайтындығыңызды көрсетеді. Әр адам үшін өзін жақсы көру, қабылдауы өте маңызды. Дос ретінде кімді таңдасаңыз да, оның болмысын сыйлауыңыз керек. Дос болып араласуыңыз қажет. Сіңісіп, ол болып кетпеңіз. Өзіңізге сеніп үйреніңіз. Өзіңізге сенбесеңіз айналаңыздағы адамдарға да сене алмай өтесіз. Кез келген достықты сіз өзіңіз жетілдіресіз. Достық – құрбыңыз екеуіңіз. Үшіншіге орын жоқ. Үшіншіні сіз өзіңіз араға киліктіріп тұрсыз. Сіз де әр адаммен еркін қарым-қатынас құрып үйреніңіз. Өзігенің пікірімен өмір сүрмеңіз. Өз пікіріңізді өзгеге тықпаламаңыз. Өзіңіздің болмысыңызды қабылдап үйреніңіз. Өзіңізді өзгелерден бөліп қарастырыңыз. Өзіңізді табыңыз!

Комарова Вера:

Женя, егер сен ол қызды үш жыл бойы соңынан қуып жүрсең, ол сенен шаршаған болар? Ана қызбен оның достығы салмақты, қуаныш сыйлайтын болар? Онымен қарым-қатынасың ширығып тұр. Тырнақ астынан кір іздеп тұрсың. Сен оның әкесі, шешесі емессің, кіммен дос болатынын таңдайтындай. Сен де, ол да еркін адамсыңдар. Кіммен дос болуды әркім өзі таңдауы керек. Қызғаныш адам баласын жақсылыққа жеткізген емес. Ешкімді өзіне байлап қоя алмайды. Қызғаныш – өзіңе сенімсіздігің. Ойлан…

Истранова Натали

Женя! Қызғаныш тұрақсыз сезім. Қызғаныш пен жұлмалау деген сөздің түбірі бір. Сондықтан қызғаныштың түбі көбінесе кетісумен тынады. Қызғанышыңды мойындағаның дұрыс. Өзіңді не алаңдататынын білесің деген сөз. Қызғанышты қабылда. Ол сенің ішіңдегі сезім. Оны түсінуге тырыс. Бірақ сен адалдық, шындық, сенім деген сезімдерді де білесің. Сенің бойыңда олар да бар. Қызғанышыңды байқасаң, оны қадағалай аласың деген сөз. Қызғанышпен күресіп керек емес. Қызғанған адамыңмен де алыспа. Досты жоғалтып алу оңай. Ал, сен жоғалтқың келмейді. Мүмкін досыңа да сен керексің. Ол тек сенің қызғанышыңның салмағын көтере алмай қиналады. Сол үшін басқа адаммен дос болып көргісі келеді. Олардың достығы сенің қызғанышыңның кесірінен ғана бар болуы ықтимал. Қызғанышыңды жең. Сабырға түс. Сонда бәрі өзгереді.

Аударған Шынар Әбілдә

«Алауинформ»

2 ПІКІРЛЕР

  1. Құрбыңыз қызғанбауы да мүмкін. Керісінше жаны ашиды. Мүмкін керексіз адамдармен араласып жүрген болсаңыз, онда құрбыңыз ашық айта алмаса да қуана алмайды. Әр адам өз досының теріс жолға кеткенін қаламайды.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here