8 наурыз. Қыз-келіншектердің келбетіне арналған кеңес

0
3 065 рет оқылды

ҰЗАҚ УАҚЫТТЫҚ МАКИЯЖ

«Permanent» ағылшын тілінен аударғанда «тұрақты» дегенді білдіреді. Перманентті макияж терінің үстіңгі қабатының 10 миллиметрдей тереңдігіне жеңіл түрде жасалады. Келбеттің табиғилығына нұқсан келтірмей ұзақ уақыт сақталады.

пер8

«Тұрақты макияж». Сұлулыққа құмар қыз-келіншектің ойында: «Тұрақты make-up пен татуаждың айырмашылығы неде?»,-деген сұрақ тұр. Перманентті макияж – «мәңгілік сурет» болып қалатын татуировка емес,  біршама уақыт бойы сақталатын «тұрақты макияж». Сапалы жасалған перманентті макияж табиғи көрінеді. Тіпті, кей ер адамдар таңертең ұйқыдан тұра сала ажарыңыздың мінсіздігін айтып жатса таңқалмаңыз. Линержист [перманентті макияж жасаушы маман ] Камила Шурабекова: «Татуаж жасағанда қара, қошқыл көк түстерді қолданады. Перманентті макияжда түстерді араластырып, табиғи реңк аламыз. Қараға мүлде жақындамаймыз. Жасаушының шашына, терісіне баса мән беріп қараймыз. Мәселен, ақ сары қыздардың қасына ақшыл сары және шоколадты түсті қосып пайдаланамыз», – дейді.

Тыйым салынады! Заманауи макияж түрін жасатар алдында денсаулығыңыздың жарамдылығына көз жеткізіңіз. Мамандар қант диабетіне шалдыққандарға, жедел вирустық инфекция жұқтырғандар мен гормоналды дәрі қабылдап жүргендерге тыйым салады.

Кеңес береміз. Перманенттік макияжды алғаш рет жасатпақшы болсаңыз қасыңыздан бастаңыз. Ерін мен көзден гөрі қасқа арналған макияж оңай әрі ауырсынуды сезінбейсіз. Түс таңдауда визажистің кеңесіне сүйеніңіз.  Бояуды анықтарда көздің қарашығына да назар аударыңыз. Бұрынғы қасыңызға кереғар, дей тұрғанмен табиғи көрінетін түстерді таңдаңыз. Бет бейнеңізге сай қас пішімін де нақтылап алғаныңыз жөн.

«Қарайту». Бұл – перманенттік макияждың қасқа арналған бір түрі. Қарайту әдісінде қастың сұлбасы айқын боялмайды. Сырт көзге қарындашпен не сүрмемен бояп қойылғандай көрінеді. Барынша табиғи болғандықтан бикештер арасында тым танымал.

Барлығы маңызды. Екінші бір әдіс бойынша әрбір қас жеке-жеке боялады. Осы арқылы қасты ұзартуға, көлемін, дөңестігін өзгертуге, тыртықтарды жасыруға болады. Аталған екі әдісті біріктіріп  3D макияж жасалады. Сондықтан 3D make up бағасы да қымбатырақ.

Мән беріңіз! Денсаулығыңызға зиян келмейтіндігіне көз жеткізесіз, одан әрі түс пен пішінді таңдайсыз. Содан соң линержист теріңізді зарарсыздандырушы сұйықтықпен сүртіп, қарындашпен не арнайы маркермен сұлба сызады. Сызба ұнамаса, қалағаныңызша өшіртуіңізге болады. Бояр алдында маман сізге барлық бояу құрал-саймандарын, рұқсат етілген сетрификатын көрсетуі тиіс. Процесс біткеннен кейін  арнайы кремдер жағады. Бұл – ұқыптылықты, уақытты және еңбекті талап ететін жұмыс.

Күтім. Макияж боялып болған соң түсі тым қанық болады. Қастың айналасы қызарып, іседі. Бұл бір тәуліктен соң басылады. Күніне 4-5 рет 0,05 пайыздық хлоргексидин биглюконат пен 0,01 пайыздық мирамистинмен сүртіп тұрыңыз. Бұл ерітінділер кез-келген дәріханада сатылады. Келесі күні қабыршақтанып, макияж түсі ақшылданады. Ерітінділерді қолдануды тоқтатпаңыз. Тері тым құрғап кеткен жағдайда «Бепантен +» кремін жаққан жөн. Қабыршақтар 5-7 күн бойы тұрады. Қаншалықты ұзақ тұрса, соншалықты жақсы екенін ескеріңіз. Ол бояудың табиғи болуына тікелей әсер етеді. Ең бастысы, қасыңызға су тигізбеңіз және қолыңызбен ұстап, макияж жағуға да болмайды. Екі апта бойы пиллинг, скраб пайдалануға мүлде болмайды. Сонымен қоса, 2 апта көлемінде бассейн, монша, саунаға баруға тыйым салынады. 3 аптадан соң сіз қалаған түс толық шығады. Осылайша, 6 айдан 1,5 жылға дейін теріңізде сақталады. Егер тері майлы және жас болған жағдайда аз, ал құрғақ әрі ересектердің терсінде ұзақ тұрақтайды.

Пайдасы. Тұрақты макияждың арқасында кез келген жерде өңіңізді бермейсіз. Бассейнде, жағажайда, финтес орталықта бояуыңыз ағып кетпейді. Таңертең төсегіңізден тұғанда-ақ макияжыңыз дайын. Үй жағдайында түрлі бояулардың көмегіне жүгінбейсіз. Әрлеуші косметика дегенді ұмытуыңызға тұра келеді. Қыз-келіншектердің қыдыруға, жұмысқа шығарда ең көп уақыт алатын ісі – бояну. Кем дегенде 15-20 минутыңызды бөлесіз. Перманенттік макияждың арқасында бұл уақытты екі есеге қысқартуға болады. Тұрақты make-up үшін қолданатын заттар табиғи минералды заттардан, майлардан жасалады. Сол себептен денсаулыққа зиянсыз. Уақыт өте келе соңынан із қалдырмайды. Кетіру үшін химиялық тазалаудың қажеті жоқ.

Біздің елде… Қазақстанда перманенттік макияждың пайда болғанына екі жылдың көлемі болды. «Перманенттік макияж бізде өте сұранысқа ие. Қалада бағалары да әр түрлі. Макияж жасатарда өз кәсібінің хас шеберлеріне барған дұрыс. Алайда, бұл салада кәсіби мамандар саусақпен санарлық», – дейді ол мамандар.

Балғын БОЛЫСБАЙҚЫЗЫ

«Алауинформ»

 

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here