Кемпірқосақты біздің қазақ онша ұната бермейді. Екі сөздің бірігуінен жасалған бұл ұғымның дыбысталуы мен айтылуын да құлағымыз  сүйіспеншілікпен қабылдай қоймайды-ау. Ал, орыс пен батыстың поэзиясында  кемпірқосаққа қатысты жырларды санамалап шығу мүмкін емес.  Жауын жауған соң көкжиекте пайда болатын табиғи құбылысты орыстар қуана тамашалайды. Қуанады да – «Радуга» деп айтады. Ал, біз неге қуанбаймыз? Біз  де қуанамыз. Бірақ, аспанға қарап тұрып «Алақай, кемпірқосақ» деп айтудың өзі ерсі. Құдай-ау, әп-әдемі дүниені кемпірқосақ деп кім атады екен? Қалай болғанда да табиғи құбылысқа атау тегіннен-тегін беріле салмайды.

Демек, біздің арғы танымымызда түрлі-түсті құбылысқа қатысты бір мифтік түсінігіміз бар болғаны ғой. Миф демекші, қазақтың көне танымына қызығушы адам ретінде Шоқан Уалихановтың «Қазақтардағы шамандықтың қалдығы» деп аталатын еңбегін оқып отырғанмын. «Тәңірі» деген атпен  2013 жылы жинақ болып басылып шығыпты. Бала кезімнен кемпірқосақ көрсем, батыстың балалары секілді қуана алмай жүргенімнің мәнін сол еңбегіне жазып кетіпті.

«Кемпірқосақ – кемпірдің қосағы. Қо­сақ деп: ұзын арқанмен мойындарынан айқастыра тіркеп байлаған қой, ешкілер тобын айтады. Кемпірқосақ сол бай кемпірдің қосағындағы әр түсті қойлар. Кемпір сол қойларын ылғи  да жауыннан кейін суарады».

Міне балалық көкейіме қонақтаған сауалдың жауабын осы жасымда тауып алдым. Неге кемпірқосақ деп атаған деген сауалыма бұрын ешкім де жауап бере алмаған еді. Анығында, біздің ұлттық танымның мазмұнына үңілетін уақыт жетті. Себебі, біз өз танымымыздағы дүниелердің байыбына барудан бас тартсақ, кешеуілдетсек, көп дүниеден ұтыламыз.

Біздің ұтылып және жаһан­дануға жұтылып кетуімізге  қа­зақтың өзі үлес қосып жатыр.   Өтке­німізді па­рық­тай алмайтын білімсіз­дігіміз – түбін­де өзімізді құртып тынады. Оған күн­делікті өмірден көптеген мысал келтіруге болады.

Ел аузына ілігіп, қыз­дарымыздың заманауи кейіпкеріне айналып үлгерген Әсел Сағатова деген замандасымыз бар. Осы замандас балаларға арналған жая­лықты жарнамалауға түсіпті. Әлгі жарнамада тұсаукесер рәсімін көрсеткенді құп көріпті. Тұсаукесер салтының негізгі культі мен мотивін ұқпайтын заманауи қазақтар баланың аяғын көк таспамен (лентамен) тұсағанды жөн санапты. Таспамен байласақ, телеэкранда гламур пайда болады деп ұқса керек.  Баланың көк тұсауын қайшымен кесіп жаялықты жарнамалап жатыр. «Цеснабанктің» «Бо­лашақ» деп аталатын депозитінің де жарнамасында осы қателік жіберілген. Қызыл жібіне жасыл таспамен ала жіп жасағанды ең дұрыс шешім деп тапса керек. Негізінде осы жаялықты жарна­малағандарды қазақтың танымы мен ғұрпын құрметтемедіңдер деп сотқа беруге болады. «Ешкімнің ала жібін аттамасын» деп ала жіппен, «аяқтары қай­шы­ласып қалмасын» деп қайшымен емес, пышақпен тұсау кесілетін болған. Ал, егер, соншалықты гламур қажет болса, тұсауды көк шөппен де кессе жарайды. Тоқ ішекпен тұсаукесу рәсімі экранға жарамайды десеңіз, келісіп-ақ бағайын.  Бірақ, бұл жарнамаға бір қазақ бас көтеріп қарсылық танытқан жоқ.

Салтымыздың мәнін жоғалтуы – біздің ұлттығымыздың мазмұнынан да жұрнақ қана қалғанын білдіреді.

Маз­мұнсыз ұлтқа айналып бара жатқа­нымызды  той-думандардан әр сенбі-жек­сенбі сайын кезіктіруге болады. Беташарымыз бен сәлем салуымыздың өзі міндетті жоралғы мен салт емес, театрландырылған қойылымға айналып кеткен.  Негізі қазақта үйлену тойы деген салт жоқ. Беташар бар. Беташарға дейінгі қызды қайын жұртына алып келуге арналған үлкен ғұрыптық кешен бар. Бұл кешен айлап, тіпті, жылдап созылатын болған.

Қазақ фольклористикасынан хабары жоқ адамның ойына келгенін жүзеге асыра беруіне кім жол берген? Жақсы. Орыстан үйреніп (үйренген былай тұрсын, озып кеттік), екі жасты төрге отырғызып той жасайтын болдық. Енді, осы той жасау дегенің қып-қызыл шығын. Сон­дықтан, ақшаны үнемдеу мақса­тында үйлену тойы мен беташарды бірге өткізетін болдық. Қалыңдықтың әкесі мен шешесі сәлем салып тұрған қызына қарап тұра береді. Қазақ тойының бұлай өтіп жатқанына он жылдай болып қал­ды.

беташар

Сосын, беташарда екі жағына әдемі киінген екі қызды қоятын театрлан­дырылған көрініс пайда болыпты. Қан­дай әдемі. Аппақ киінген  ақ келіннің екі қапталында  қып-қызыл бірдей киінген әдемі екі қыз. Үшеуі бірдей иілгенде өте әдемі көрінеді. Ал, мазмұн қайда кетті? Неліктен келіннің екі жағына екі абысыны тұрған? Ол туралы ойланып жатқан ешкім жоқ. Себебі, ол келін беташарда ғана сәлем салуы мүмкін. Одан кейін сәлем түгілі басына орамал  тартса, қуанатын күйге түскенбіз.

Анығында бұ­рын келін боп түскен кексе абысындардың ке­лін­нің екі қапталына тұруында үлкен мән жатыр. Олар алғаш иіліп сәлем салып тұрған келінге үйретіп, құлағына сыбырлап тұрған. «Мынау – көрші, оған ақырын ғана иілсек жарап жатыр. Ал, мынау, үлкен енең болады, бұған  дұрыстап иіл» деген сыңайлы сәлем салудың алғашқы әліппесін сол сәтте үйреніп тұруға тиіс болатын. Ал, бойы ұзын, өзі келін болып түсіп көрмек түгілі жақында тұрмыс құру ойында жоқ, тойбизнес арқылы ақша тауып жүрген сылқымдарды келіннің екі жағына тұрғызу да – маз­мұнсыздық.

Байқайсыз ба, қазақ болып өмір сүрудің, дүниеге қазақ болып қараудың мәні кетіп, мазмұны қашып  барады.

Біз өз та­мырымыздың қандай топырақтан қорек алып жатқандығын ұмытып барамыз. Осы ғасырдың елуін­ші жылдары жердің бетіне бір тамыры мен танымы жоқ ұлт пайда болады дейік. Ал, өткені жоқ адам болашаққа базына айта ала ма? Бұл ғасырдың адамы бірін-бірі еркін түсіне алуы тиіс деп есептеймін ба­тыстың өзі мифтік танымдары мен мис­тикалық құпияларына қайта үңілуден жалыққан емес. Олардың күнге деген сенімінің мифтік танымдары мені қатты қызықтырып жүр. Ондай таным бізде де болған емес пе? Тіпті, кемпір­қосаққа деген қазақи ұлттық көзқарасты айтып беріңізші, әлемді осы таныммен таң­қалдыруға болады. Иә, рас, мәселе таңқалдыруда да емес. «Қазаққа әлем таңқалды» деген ұранды әлеуметтік желіде көп кезіктіріп жатамыз. Аны­ғында әлем  бізге емес, біз өзімізге өзіміз таңқалып жүрміз. Бір қазақ спорттық бәсекеде байрақты биік көтерсе, әлемнің аузы ашылды, таңыр­қады деп оқыр­манды жалған, жалау­лаған тақы­рыппен алдаймыз. Маған сенесіз бе, аузының суы құрып әлем қа­заққа таңданатындай ештеңе де болған жоқ. Ондай жеңісті олар күнде көріп жүр. Жеңіс деген жақсы ғой. Етің қы­зады, бір елде тұрып жатқандармен бір сәтке болса да мүдделесе кетесің. Бірақ, ол – сіздің етіңіз­ді қыздыруға ар­налған шоу ғана. Демек, біздің мүд­деміз де, тұсаукесер мен беташарымыз да, қысқасы бүкіл өміріміз шоуға айналып кетсе керек. Ал, шоуда мазмұн онсыз да жоқ. Оның арғы жағында алып­тардың ақша жасау мүддесі жатса, бергі бетінде әр нәрсеге  нанғыш, дәрменсіз халық отыр. Алыптардың араны ашыл­ған қалпында. Оның қашан жабылатынын бажайлай алу тағы да  мүмкін емес. Тек, сол ашық аранға менің (қазақтың) болмысының маз­мұны түсіп кетті. Адаммын. Бірақ, жер бетіндегі адамдардан басқаша болғым келеді. Басқаша болу үшін, басқаша ойлау керек. Ал, біздің бәрімізді бірдей ойлатуға арналған құрылғы іске қосылып қойған. Жаялықтың жарнамасында баланың тұсауы көк таспамен кесілді ме, болды, барлығымыз солай болуға тиіс деп ойлаймыз. Құрылғы деген сол… Бірақ, экран арқылы өздерінің салттық ғұрыптарын да жарнамалай алып жатқандар жетерлік. Несін айта берейік, бүгінгі қазақ өз келінінің екі шетіне не үшін сылқым қыздарды  тұрғызып қой­ғанын түсінбесе де, маңдайында жасанды меңі бар, кіндігі ашық, отты айналып жүрген үнділердің не үшін олай жасап жатқанын жақсы түсіндіріп бере алады!.. Ал, буыны бекіп үлгермеген қазақ сериалдарынан ғұрыптық кешендерді іздеп отырып біреуін іліп алсаң, қуанып қаласың. Неге? Себебі, сценарийді түз­генде-ақ жазбагердің қаперінде ғұ­рыптық кешен, қазақтың ұлттық болмысын көрсету деген мақсаттар көз­­дел­­мейді. Біз әдетте кішкентай кезі­міз­­­ден жеңілгенімізді мойындап үйрен­бегенбіз. Сайыста қапелімде жеңіле қалған қазақ ешқашан өзінен кемдік іздемейді. Жеңім­пазды күндеп, мінін тізіп шығуға әбден бейімделіп алғанбыз. «Менің атым­ның бабы нашар екен, үшінші айна­лымға келгенде өкпесі өшті де қалды» деп кемшілікті өзінен іздеген бір де бір шабандоз көрмеппін. «Оның аты сәл алдыңғы шепте тұрған, оның өзі үлкен рөл атқарады ғой» деген сыңайлы түрлі ақталуларды тізіп айтқанда бізден шебер ешкім жоқ. Бірақ, бір кемшілігімізді біле қалсақ, «қазақ деген сондай ғой, ой қазақ болған соң түсінікті емес пе»  деп ұлтымыздың атын жерге тығып тастауға барлығымыз дайынбыз. Бұл процесті біз саналы һәм бейсаналы түрде жүзеге асырамыз. Өзімізді баға­лауымыз кемшін түсіп жатқан­дықтан сырттан келгендер біздің ала жібімізді көк жіпке, ақ пен қара түске қатысты танымымызды былай ысыра салып, өз қиялын жүзеге асыруға кірісіп кетеді. Сөйтеді де, қазақты оп-оңай ғасырлар бойы қиялсыз, мәнсіз, маз­мұнсыз, идеологиясыз малдың артынан көшіп-қонып жүре берген деп қабылдай салады. Мазмұнды жоғалтып алған соң, олардың айтқанына қарсы дәйек таба алмай шарасыз бас шайқап ғұмыр кешіп келеміз. Меніңше, қазақ фольклорын жетік білетін ғалымдардың басын қосып, әр ғұрыптық кешенді талдап, жалпы халыққа мазмұндық сыйпатын ашуға арналған еңбек даярлайтын уақыт жетті. Бұл дүниені бүгін қолға алмасақ, жиын-тойларда жүзеге асырылатын ғұрыптық кешендердің мәнін түсінбейтін ұрпақ қалыптасады. Қа­лыптасып кетті де. Біздің күнделікті тұр­мысымызда онсыз да қазақылық­тың бір де бір белгісі қалмаған. Киген киі­міміз бен даярлайтын асымыздың өзінде ұлттық нышан жоқ. Ақпараттары мол арпалыс өмірде біз қазақ екендігімізді жиын-тойларда ғана еске аламыз. Демек, тым болмағанда, сол жиынның маз­мұнын сақтап қалуға ат жалын тартқан аза­маттар арашашы болса екен. Намыс мазмұнсыз жерге қонақтамайтын ұғым. Бәлкім біздегі намыстың жоғалуы үшін де белгісіз бір топтарға ұлттық танымымыз туралы білігіміздің сұйылғаны керек шығар. Ал, аз ұлттарға намыс міндетті түрде қажет. Намыста мүдделес топтарды біріктіре алатын,  қарсы топтарға тойтарыс бергізе алатын алып қуат бар.
Менің сыртқы портретімді суреттеген адам қазақтығыма шүбә келтірмесі анық. Бірақ, әрекетімнен ұлтыма сай болмыс білінбей тұрса, ішімде қазақ өмір сүріп жатпағаны ғой. Жөн мен жоралғыны білетін аға буын той-томалақта қате кетіп жатқан жастардың әркетін тезге салып отыруы тиіс. Қазіргі жастар осындай, бұлардың замандары басқа ғой деген сылтау айттыңыз ба, онда сіз өзіңізге дейін жеткен аманатты келешекке дұрыс тапсыра алмаған адам болып шыға келесіз. Әр буын өз жауапкершілігі мен арқалаған  аманатын сезіне білгені жөн. Бұрын арнайы идеология мен саяси жүйе кедергісін келтіріпті, ал, қазір қазақ болуға бізге кім кедергі?

Айнұр Төлеу

Дереккөз: «Ақиқат» журналы

«Алауинформ»

 

5 ПІКІРЛЕР

  1. Оте дурыс жазыпсыз, бирак казактын салт-дастури санге кирмей жатыр, окиништи.биздин халкымызна ешкимге еликтемей ак ,озимиздин тунып турган мадениетти колдана берсек болганы,ата-баба барин реттеп кеткен!

  2. Айнұржан! Мақала мазмұнды екен. Шын мəнінде, заманауи боламыз деп, бүлдірушілер көп… Ең өкініштісі, сол заманауиланғыштар осындай мақаланы оқымайды. Нағыз «иісалмастар»?! Десе де, қазақ қазақ болғалы көрмеген құқайы қалмады ғой. Əйтеуір, əуелі Алла жар болып, онан кейін сол қазақтығын өз түбірінен, яғни ата-бабаларымыздан жеткен асыл мұра негізінде өрбіткісі келетін ұлт жанашырларының ерен еңбегінің арқасы. Танымды мақалаң жалғасты болсын!

  3. Айнур ханым! Жуз пайыз келисемин сизбен! Кундылыктарымыз бен салт дастуримиз жогалса казагым кандайда бир мангурт халыкка айналары созсиз! Каламыныз мукалмасын! Кажетти маселелерди котерип журе бериниз! Жане халкымнын кулагына жетип, кателиктер тузелер деп сенемин.

  4. «Кемпірқосақ» – «Арайдоға» болар

    5-Шілде, 2012 Жазылған жайдың жалғасы 1,987 рет оқылды
    «Ана тілі» газетінің «Сөзтаным» айдарындағы «кемпірқосақ» деген сөзге қатысты көлемі шағын да болса, мәні үлкен екі материалдың жарық көруі және оның жоғары оқу орнындарында талқылануы рухани дүниеміздің тағдырына бейжай қарамайтын жандардың аз еместігін көрсетеді. Жалпы ескіден келе жатқан есті сөздерді, жаңа заманға лайықты жаңа сөздерді (әсіресе халықаралық терминдерді) орынды-орынсыз шетқақпай жасауға өз басым қарсымын. Уақыт елегінен өте алмай немесе күнделікті қолда­нылмағандықтан, жадымыздан шығып қалған, бірақ тілдік бай қорымыздың қатарындағы көне сөздердің тарихи қоржынымызда мол екендігін ескерсек, біз үшін әрбір қазақша атаудың орны бөлек екені рас. Дегенмен, кейбір сөздерді, құлаққа ерсілеу естілетін атауларды ой елегінен өткізіп, ұштап отырғанның артықтығы жоқ. Сондай қол­даныстағы өзінің орнын таба алмай, кейінгі ұрпақтың құлағына сіңбей, өгейсіреп тұрған жасанды сөздің бірі осы – «кемпірқосақ».
    Бұл арада кешегі аға буынның өкілі, классик жазушымыз Ғабит Мүсіреповтің де сөз сұлулығын алға тартып, «көкарай» деген атауды ұсынуы кейінгі ұрпақтың жағдайын ойлағаннан туған игі тілек деп ұғынамын. Өйткені ауылда туып, ат үстінде өскен жылқышының баласы – менің өзім бүгінде тұрмыстағы «кемпірқосақтың» дәл қандай болатынын ұмыта бастаппын. Әйтеуір, үлкен әжелеріміздің жағалай тізіле отырып, жүн түтетіні, бұрқыратып са­баумен сабалайтыны, сосын әлгі жүн-жұрқаны түрлі-түсті бояуларға шылай­тыны есімде қалыпты. Ал, оның аспандағы әсем құбылысқа қандай қатысы барын бүгінгі балаларға ұғынықты тілмен түсіндіріп берудің өзі оңай шаруа емес. Оңай болса, «Ана тілі» газетінде талқылаймыз ба?..
    Бірде, жаңбырдан кейінгі керемет сәтте алты жасар немереммен аулада қыдырып жүргенімде, жарқырап күн шықты да, Көктебенің тұсынан дөңгеленіп «кемпірқосақ» көрінді. Әдемі-ақ! Жүз құбылып, қызыл-көк, сары-жасыл бояу­лар көздің жауын алады. Сол сәтте маңайдағы бала біткен (қазағы бар, орысы бар) «Радуга! Радуга!..» деп айқайласып, мәз болысты. «Кемпірқосақты» аузына алған менің кішкентайым ғана ғой деймін. Өз дауысы өзіне әрең естіліп тұрған ол да сәлден кейін қалғандарына қосылып, «арайдугалап» кетті.
    Сол кезде жанымдағы үш-төрт көршімнен: «Что означает слово радуга?» деп сауал тастадым. Олар алғашында маған «Соны да білмейсіз бе?» дегендей аңтарыла қарасып: «Ну, радуга, эта – радуга…» деп, ары қарай не айтарын білмей, тосылып қалды.
    Шын мәнісінде, нағыз қазаққа оның мағынасын түсіну еш қиын емес еді. Ал, орыстілді ағайындардың жете білмейтін себебі – «радуга» қазақтың сөзінен туындаған атау. Мұндағы екінші буын «доға» деген сөз. Бірінші буындағы «ра» дегеннің қандай ұғымды білдіретінін ешкім анық айта алмайды. «Радость» деген сөздің қысқарған түрі дейін десең, еш қисыны жоқ. Есі дұрыс адам «радостная дуга» деп шұбыртып тұрмайды. Ендеше, Ғабең айтқандай, «көкарай» деген сөздің жаны бар. Тек, мұндағы ескертетін нәрсе, бір ғана түстің анықтамасын білдіретін «көк» сөзі бұл арада аздық етеді. Дұрысы – «арайдоға». Өзі арай, өзі доға! Кейінірек осынау әдемі атау өзге тілге ауысып, «а(ра)йдуга», «радуга» деген қалыпқа түскен.
    Ендеше, біз де құлаққа жағымды естілетін және аспандағы жалт-жұлт еткен әсем көріністі дәл білдіретін осы бір «Арайдоға» атауын тілімізге қайтаруды, көпшілік қолдаса, ресми қолданысқа енгізуді ұсынамыз.

    Қайым-Мұнар Табеев,
    Қазақстан Жазушылар
    және Журналистер одақтарының мүшесі

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here